Осы баптың 2-тармағында көрсетілген тұлғаларға, клиентті заң көмегін сұрап өтініш жасаған кезінен бастап Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен іс бойынша қорытынды құқықтық шешім қабылданғанға (құқықтық жағдай шешілгенге) дейін құқықтық қолдап отыруды білдіретін өтеусіз заң көмегін шартқа сәйкес көрсету кешенді әлеуметтік заң көмегі болып табылады.
Кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету көлемі мен тәртібін заң консультанттарының палаталары, Республикалық адвокаттар алқасы белгілейді. Кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету көлемі мен тәртібі туралы мәліметтер уәкілетті органға жіберіледі.
Кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету әлеуметтік жауапкершілікті іске асыру нысандарының бірі болып табылады және ерікті түрде жүзеге асырылады.
Кешенді әлеуметтік заң көмегі мыналарға:
- "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға;
- атаулы әлеуметтік көмекке құқығы бар адамдарға;
- Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдарға;
- басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;
- бірінші және екінші топтардағы мүгедектерге;
- жасына байланысты зейнеткерлерге;
- қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) тұратын қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға;
- мүгедектігі бар балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған не қамқорлығында кәмелетке толған мүгедектігі бар адамдары бар адамдарға көрсетілуі мүмкін.
Кешенді әлеуметтік заң көмегі азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде кәсіпкерлік қызметке байланысты даулар бойынша көрсетілмейді.
Мемлекет кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсетуге елеулі үлес қосуды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіппен ынталандырады.